Аян САДАЕВ: “ТАРИХ САБАҒЫН МУЗЕЙДЕ ӨТКІЗУДІ ҰСЫНАМЫН”

Аян САДАЕВ: “ТАРИХ САБАҒЫН МУЗЕЙДЕ ӨТКІЗУДІ ҰСЫНАМЫН”

– Облыс орталығындағы “Абылай хан резиденциясы” му­зей-кешені республикалық ма­ңызы бар сәулет ескерткіші саналады. Мемлекеттік қор­ғау­ға алынған музейдің ты­ныс-тіршілігіне тоқталып өт­сеңіз.

– “Абылай хан резиденция­сы” осыдан 17 жыл бұрын ашылған болатын. Музей кешені үш жүз­дің басын қосқан батыр баба­мыз­дың ел тарихын­да­ғы айшық­ты орнын арттырып, Абылай хан заманынан қалған тарихи ес­керт­кіш екендігін айғақтайды. Ре­зиденцияда төрт зал бар. Абы­лай ханның тынығу бөлмесінде­гі, тақ залындағы және 1771-1780 жылдар аралығында хан­дық құрған кезеңді бейнелейтін жә­дігерлер қазақ халқының тұр­мыс-тіршілігінен, әдет-ғұрпынан, батырлық-ержүректік қасиетте­рінен сыр шертеді.

Музейде бір жылда 100-ден астам шара өтеді. Жыл басынан бері Павлодар, Астана қалаларында республикалық екі көрме ұйымдастырдық. Соның біріне тоқталып өтер болсам, елорда төрінде өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бары­сын­да қонақтардың назарына бірегей жәдігерлерді ұсындық. Шетелдіктер тарихи дүниелерді үлкен таңданыспен әрі қызығу­шылықпен тамашалады. Облыс көлемінде өтетін ауқымды шара­лар аясында да көрмелер жиі ұйымдастырыла­ды. Өңір аудандарын да аралап, тұрғындардың назарына бірегей экспонаттар­ды ұсынамыз. Алда­ғы күндері об­лыс орталығында “Марал ишан: өмірі мен қоғам­дық-діни және сая­си қызметі”, “Әлихан Бөкей­хан оқулары” атты бірқатар халық­аралық ғылыми-тәжірибелік кон­ференциялар өте­ді. Бұл орайда Қызылорда қа­ласынан келетін тарихи-өлке­та­ну музейі­нің жыл­жымалы көрме­сі бір ай бойы жұртшылық наза­рына ұсы­ныла­тынын айтып өту қажет. Көр­ме “Абылай хан рези­денциясы” жа­нынан ашылған Ис­лам мәде­ние­ті музейінде ұйым­дастыры­лады.

– Мәдени мұраны сақтау мен насихаттауда тарихи-руха­ни орындардың атқаратын рөлі зор. Елдегі мұражайлар заман талабына, келушілердің сұранысына сай болуы қажет. Ол үшін қаржы керек. Мұндай жұмыстардың бірқатары музейге бас сұққан адамдардан түсетін қаражат есебінен жү­зеге асырылатын болар?

– 2018 жылдан бері тұрғын­дар өңірдегі музейлерге тегін кі­ре­тін. Биыл 1 қаза­нынан бастап музейге кіру ақы­лы. Алыстан мен­­мұндалап тұр­ған мұражай мә­дениет саласын­дағы жаңа­шыл­дықтарды да жатсынбай, уа­қыт көшімен алға жыл­жуда. Адамдарға қызмет көр­сететіндік­тен, біз де заман ағы­мына сай жа­ңа мәдени формат­та жұмыс іс­теуге тиіспіз. Сондық­тан бюджет қаржысынан бөлек, өзіміздің ішкі қажеттіліктерімізді қамтамасыз етуге, кейбір шаруа­шылық жұ­мыс­тарға қосымша ақша табуға мүдделіміз. Кешен­нің жылдық бюджеті 100 мил­лион теңгеден аса­ды. Бұл рес­пуб­ликалық ме­кеме үшін көп қа­ра­жат емес. Ең­бекақы, қызмет­кер­лерді ынта­лан­дыру, жөндеу жұ­мыстары сияқты мәселелер бойынша мем­лекет қазынасына алақан жая бергенді өз басым құп­тамаймын. Мұндай мәселе­лердің кейбірін музейдің қосым­ша табысы негі­зінде жүзеге асы­руға болады. Музейге кіру ақылы болғанымен, келушілердің қата­ры сиреген жоқ. Бір адамға небә­рі – 300 тең­ге. Ал студенттер үшін музейге кіру құны 200 тең­гені құрайды. Бұл қаржы қалтаға салмақ сал­майды деп ойлай­мын. Шетелде осындай тарихи-мәдени орындарды аралау үшін бірталай ақ­ша төлейсің. Неге өз елімізде біз тарихи-мәдени мұ­раларымызды құнсыздандыруы­мыз керек? Ұлттық құндылық­тарды қастер­леу, осындай ұсақ шаруалардан бастау алады. Әрі тегін дүниенің қадірі болмайды. Кез келген мә­дениет ошағының өз бюджеті болуы керек.

– Қазақ қоғамында ықы­лым заманнан бабалар мұра­сын, салт-санасын, әдеби туын­дылары мен дәстүрлі өне­рін білу, сақтау, ұрпақ бойына сіңіру аса маңызды ұстанымдардың бірі. Бүгінде кешенде бабалар мұрасын ұр­паққа танытатын қанша жәді­гер бар?

– Музейде 700-ден астам жә­ді­гер бар. Сөрелерде Абылай ба­бамыз хандық құрған кезеңді бей­нелейтін құнды заттар жинақтал­ған. Сирек кездесетін тарихи жә­ді­герлерге қол жеткізу оңай емес. Жәдігерлер қорын толықтыру үшін ауылдарды аралап, үлкен­дермен кездесеміз. “Музейге сый” жобасы аясында жеке отба­сылық мұрағаттардан жинақ­тал­ған тарихи жәдігерлер де жоқ емес.

– Музей – өткен тарихты жаңғыртып, бүгінгі құндылық­тарды саралап, Отанға, жерге деген патриоттық, отансүй­гіш­тік сезімді оятып, болашаққа деген көзқарасты қалыптас­ты­руға септігін тигізетін киелі орын. “Абылай хан резиден­циясына” келушілер арасын­да өзінің тарихы мен өткенін білуге құштар жастар бар ма? Жалпы қоғамның қазіргі да­муы­на көзқарасыңыз қандай?

– Өкінішке қарай, соңғы уа­қытта елімізде жасөспірімдердің, жастардың өлімі жиі орын алуда. Отан қорғау үшін борышын өтеу­ге аттанған бозбалаларды ұрып-соғу деректері, тіпті соңы өлім­мен аяқталған жағдайлар да кез­десуде. Әрине, өрімдей ұл-қыз­дардың осындай келеңсіз жағ­дай­ларға тап болуы ойландыр­май қоймайды. Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі елдің болашағы. Ұрпақ тәрбиелеу ісінде ұлттық құнды­лық­тарға баса назар аударылуы керек. Жеткіншектер өзінің тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, өтке­нін, тарихын біліп өссе, халқы­ның нағыз патриоты болады. Қоғамда орын алып жатқан жаға ұстатар жайттар мен қатыгездік сонда тыйылар еді. Тәрбиенің түп қазығы отбасынан, мектеп­тен бастау алады. Сондықтан ата-аналар ұл-қыздарының тәрбие­сін бірінші орынға қоюы ке­рек. Ұрпақ тәрбиесін көңілден жырақ, көзден таса ұстауға бол­майды.

Жас құрақтай өсіп келе жат­қан жеткіншектер арасында му­зейге жиі келетіндер аз емес. Та­рихты білуге деген жастардың ұм­ты­лы­сы ерекше. Мектептермен, Ұлт­тық ұлан академиясымен ты­ғыз байланыстамыз. Оқушылар­дың қатысуымен танымдық ша­ра­лар, экскурсиялар ұйымдас­ты­рылады. Резиденцияда жұ­мыс істеуге ниетті жастар да аз емес. Музейде жұмыс істейтін экскурсия жүргізушілеріміз үш тілді жетік меңгерген. Жауап­кершілігі зор, еңбекқор, білімді жастардың бары қуантады.

Дана халқымыз “өткенді біл­мей, болашақты болжау мүмкін емес” дейді. Осыдан бірер жыл бұрын мектеп оқушылары үшін музейде тарих сабақтарын ұйымдастыру, жоғары оқу орын­дарымен мектептерде “Абылай­тану” жобасын енгізу туралы бас­тама көтердік. Бұл мәселе бо­йынша қалалық білім бөліміне ұсыным хат жолдадық. Бірақ мә­селе жауапсыз қалды.

– Кез келген саланың да­муы менеждерге, яғни басшы­ға тікелей байланысты. Ұжым жаңа күш, тың серпінмен жұ­мыс істеуі үшін белгілі бір жа­ңашылдықтар енгізу қажет. Бүгінде білім беру саласында ұзақ жылдар бойы бір орында отырған мектеп директорла­рының орнын алмастыру тә­жі­рибесі қалыптасқан. Бәлкім мәдениет саласына да осын­дай ротация қажет шығар. Сіз қалай ойлайсыз?

– Әр саланың өз ерекшелігі бар. Мәдениет саласының жұ­мы­сы өте ауыр. Музейде де жұ­мыс көп. Бірақ көп жағдай­да жұмысымыз көзге көрінбейді. Осы салада 35 жылдан бері ең­бек етудемін. Ауылдық клуб мең­герушісінен бастап аудан, қала­лық, облыстық мәдени ұйымдар­да қызмет атқардым. Соның ішін­де он жылдай “Абылай хан рези­денциясы” музей-кешенін басқа­рудамын. Алғашқы еңбек жолым Тәуелсіздіктің елең-алаң тұсын­да басталды. Еңбекақының ор­ны­на азық-түлік берілетін кез еді ғой. Нарықтық кезең басталған тұста осындай азды-көпті қиын­дықтардың куәсі болдым. Музей басшыларын ауыстырып отыру мәселесі облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының құзырындағы шаруа. Бұл бастама қолға алын­са, оған қарсы болмас едім.

– Кез келген саланың да­муы үшін мамандардың әлеу­меттік жағдайының жақсы болғандығы маңызды. Әсіре­се, ұлттың өнері мен рухания­тына еңбек сіңіріп жүрген мә­де­ниет қызметкерлеріне жа­лақы тиісті деңгейде төленуі қажет. Кадр тұрақсыздығына жалақының әсері бар шығар?

– Мә­дениет саласы қызметкер­ле­рінің еңбекақысы бірнеше есе өсті. Де­се де өзге салалар­мен салыс­тыр­ғанда жалақымыз төмен. Мы­са­лы музейде жұмыс істейтін ма­ман­дардың қолына ай сайын 160-180 мың теңге тиеді. Қазақ­стан Президенті Қасым-Жо­март То­қаевтың тапсырмасы бо­йын­ша бүгінде мәдениет саласы қыз­мет­керлерінің жалақысы ке­зең-кезе­ңімен өсуде. Бұл – біздер үшін үлкен қолдау. Әрине, кадр тұрақ­сыз­­ды­ғына жалақының әсе­рі бар. Көп жағдайда жастар жа­ла­қысы жо­ғары орында жұмыс іс­теу­ге ұмты­лады. Бұл – заңды­лық.

– Қазақ халқы үлкенге құр­мет, кішіге ізет көрсетуді тәр­биенің негізі санайды. Көргені көп, түйгені мол қазыналы қарт­тардың еңбек жолы жас­тарға әрқашан үлгі-өнеге. Ұр­пақ сабақтастығына қатысты пікіріңіз қандай?

– Кез келген жұмыста ұрпақ сабақтастығы болуы тиіс. Жас­тарға аға буынның айтары көп. Кейінгі ұрпаққа жол көрсету – үл­кендердің парызы. Біздің ұжым­да ұрпақ сабақтастығы қалып­тасқан. Мысалы, тәжірибесі мол мамандар өздерінің білгендерін жастарға үйретіп, оларды музей ісіне баулиды.

– Күн сайын көзден бұлбұл ұшып жатқан ауылдардың мүшкіл халі алаңдатады. Об­лыста түтіні түзу шыққан көп­те­ген ауыл әп-сәтте қаңырап, тек жұрты ғана қалуда. Қан­ша­ма ауыл құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды клас­сиктерді құндақтаған, өзіңіздің туған жеріңіз Жамбыл ауда­нын­дағы көп ауылдың жағда­йы мәз емес. Ақын, сатирик Қажытай Ілиясұлы “Берекесіз ауылдың құты құлар!” деген­дей ауылды сақтап қалу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Менің туған жерім – Жам­был ауданындағы Үлгі ауылы. Бү­гінде онда саусақпен санар­лық­тай отбасы тұрып жатыр. Бала­лық шағымыз өткен қасиетті ме­кеннің төмпешікке айналып бара жатқанын көру оңай емес. Жүрек ауырады. Ауылға ата-анамның, туыстарымның әруақтарына құ­ран бағыштау үшін жиі барып тұ­руға тырысамын. Біздің еліміздің Тәуелсіздік жылдарында қол жет­кізген жетістіктері де, “әттеген-ай” дегізетін кемшіліктері де аз емес. Отыз жылдың ішінде ауылдардың көбінің құрып кетуі жанға батады. Кезінде сол ауыл­дарда тіршілік қайнап жатушы еді. Ауылды сақтау үшін мемле­кет та­рапынан үлкен қолдау болуы ке­рек. Ауылдарды дамыту бағдар­ламалары болғанымен, әлі де жетілдіретін тұстары бар­шылық. Ең алдымен, жұмыссыз­дық мәсе­лесін шешу қажет. Екі қол­ға бір күрек таба алмаған адамға онда тұрақтап қал деп айта алмаймыз. Тағы бір айтпағым, өз туған жерін түлетуге ын­та­лы кә­сіпкерлердің шоғырын қа­лыптас­тыруға баса мән беруіміз қажет. Осындай ниетті азамат­тарға мем­лекет қолдан келер кө­мегін көрсетсе дейсің.

 – Ашық әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Оймақтай ой

Дана халқымыз “өткенді біл­мей, болашақты болжау мүмкін емес” дейді. Осыдан бірер жыл бұрын мектеп оқушылары үшін музейде тарих сабақтарын ұйымдастыру, жоғары оқу орындарымен мектептерде “Абылайтану” жобасын енгізу туралы бастама көтердік. Бұл мәселе бойынша қалалық білім бөліміне ұсыным хат жолдадық. Бірақ мәселе жауапсыз қалды.

Өмірдерек

Туған жері: Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Үлгі ауылы.

Туған жылы: 12 наурыз 1971 жыл.Марапаты: Мәдениет саласының үздігі, “Еңбек даңқы” медалінің иегері.

Қызметі: “Абылай хан резиденциясы” музей-кешенінің директоры.

Қызылжар-қазақтың киелі мекені

Қызылжар-қазақтың киелі мекені Амангелді Елтін

Мақала. Туған жер тұнған тарих

makala 2

Мақала. Қара қылды қақ жарған

makala

Абылайдың тарихтағы орны

Алмағайып сұрапыл заманда есеңгіреген елге ес кіргізіп, бір тудың астына біріктіре білген Абылай
ерлігі мен ақыл-парасатын қатар жұмсаған сарабдал саясаткерлігінің арқасында қазақ
халқын жойылып кетуден сақтап қалды. Осылайша, туған халқының кемел болашағын аңсаған
ол өз дәуірі артқан ұлы жүкті қайыспай көтеріп, ел алдындағы перзенттік парызын атқарып кетті.

Хан Абылай – Қазақстанның аумақтық тұтастығын қалпына келтіре алған көрнекті мемлекеттік қайраткер.Ол ел билеген кезде мемлекетте айтарлықтай өзгертулерді жүзеге асырды. Хан Абылай (1771-1780) – барша қазақ даласында беделі талассыз болған соңғы қазақ ханы.Драмалы, тіпті, аңыз өмір, батыл мінезі, ерекше дарындылық -жетім Әбілмансұрға ұлт батыры болуды жазды. Оның қазақ тарихындағы орнын бағалау қиын. Ол – азаткер-батыр, дана билеуші, шебер мәмілегер. Жас сұлтанның басты мақсаты халық қалауындай айбарлы жауға қарсы күрес болды.Абылай көреген саясаткер ретінде Қазақ хандығы үшін басты қауіп екі ірі держава – Ресей мен Цин империясында жатқан жоңғарлардың басқыншылығы екендігін жақсы түсінді. Оның халық алдында және Әбілмәмбет хан алдында беделі болды. Сырттағы қауіппен күресе жүріп, Абылай хан қазақ жерін біріктіруге көп күш жұмсады.Жас ұрпақ Абылай хан арманының жемісі – қазіргі Қазақстанның жетістіктерін мақтан тұтуы керек, ішкі келісім мен бейбітшілікті сақтау жолында қыхмет етуі керек.Оның өмірі туралы, шығармашылығы туралы өмірбаяндық мәліметтер, естеліктер жастарға патриоттық тәрбие беруде құндылыққа ие.Бұл жинақта берілген материалдар қалың оқырман үшін қызықты болады және студент жастар үшін белсенді өмірлік ұстанымның жарқын үлгісі болады.Абылай (Әбілмансұр)хан (1711-1780) Қазақ Ордасының ханы, қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері.Бұқар, Үмбетей жыраулардың, т.б. ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, Абылай жиырма жасында қан майданда ерлігімен танылған. Бұқардың Абылайға «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің» деуі осының дәлелі. Қай жылы туса да, 1730-33 жылдар аралығында болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің жақын туысы (кейбір деректерде күйеу баласы) Шарышты өлтіреді. Үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады. Бұдан соңғы жерде Әбілмансұр есімі ұмытылып, Абылай атанады.«1723 жылғы апат «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атауымен қазақ халқының санасы мен жылнамасына мәңгіге енді. Қазақ қазақ болғалы мұндай қасіретке, қырғынға тап болмаған еді. Халықтың үштен екісі қырылды, елден босып кетті. Алтай мен Жетісу, Арқаның біраз жері жау қолында қалды. Қазақ жасақтарының Бұланты өзеніндегі жеңісі жоңғармен соғысқа түбегейлі бетбұрыс әкелмеді. Ал Аңырақай шайқасындағы жеңіс, біріншіден, шаңырағы шайқалса да аман қалған мемлекетіміздің қайта нығайған әлеуетін паш етсе, екіншіден, Шарыштың басын қаққан Абылай тағдырының жұлдызды кезеңін ашты.Бүгінгі ұрпақ Абылайдың қилы тағдырын замандасы Үмбетей жырау, ақылшысы Бұқар жырау, серігі Тәтіқара ақын, басқа да білімпаздар шығармасынан біледі. Әсіресе Тәтіқара ақыннан жеткен:
Қалмақпен соғыс болғанда,
Алғашқы бақты тапқанда,
Шарыштың басын қаққанда,
Қанжығаңа бас байлап,
Жау қашты деп айғайлап
Абылайлап шапқанда...
Сол ерлікпен хан болдың,
Әлем асқан жан болдың
Барша әлемге даң болдың,-деген жолдардың танымдық, деректік, эмоциялық, методологиялық бәсі мейлінше жоғары. Даланың ауызша тарихнамасы ұлттық тарихымыздың сырын ашып, шырайын кіргізетін қазына екеніне көзімізді жеткізеді». Жан алысып, жан беріскен соғыстардың бірін Бұқар жырау «Қалданменен ұрысып, Жеті күндей сүрісіп...» деп суреттейді. Ол соғысқа Абылайдың қанды көйлек жолдастары: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай т.б. қазақтың белгілі батырлары тізе қоса қатысады. Бұл да Абылайдың жауға қарсы қазақ халқының басын біріктіре білгендігінің дәлелі болып табылады.ХVІІІ ғасырдың 50-ші жылдары ол Орта жүздің билеушісі мәртебесімен атала бастады. 1758 жылғы Ресей сыртқы істер алқасының жарлығында «Орта жүздің бас әміршісі Абылай сұлтан ...» делінсе, сол жылы өзі жазған хат: «Орта жүздің билеушісі Абылай сұлтан ...» деген жолдармен басталыпты.Қалай болғанда да, қазақтың тағдыры қылыш үстінде қылпылдаған 20-шы жылдар аяғынан өмірінің соңына дейін ұлттық саяси элита тобына кіргені, хан мәртебесін ресми алмай тұрып-ақ ханға тиесілі миссияны ішінара атқарғаны тарихи ақиқат. Саяси басшы ретінде қазақ қоғамының өміріне осыншама ұзақ уақыт пәрменді ықпал еткен Абылайдай тұлға ұлттық тарихымызда кездесе бермейді. Бұл – бір.Қазақ халқының аса көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев «Батыр Баянда» Абылайдың саясаткерлігін суреттеген:
Дұшпанның қалғандай боп табасына,
Арқаға аяқ салып түскен барып
Екі оттың орыс – қытай арасында.
Күндерде сонау – қара тапсырған ел
Тағдырын Абылайдай данасына.
Сол күнде ел қорғаған Абылайдың,
Қылсаңда аз қанша тәуәп моласына.
«Алыстан орыс, қытай – ауыр салмақ.
Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ.
Артында - ор, алдында - көр, жан-жағы жау,
Дағдарған алаш енді қайда бармақ?
Сол кезде елге қорған болған Абылай,
Көп жаудың бірін шауып, бірін арбап.
Күндердің бір күнінде хан Абылай
Қалмаққа – (ойын салды) – ойрансалмақ.
Ханынан; «Аттан!» - деген сөз шыққан соң,
Ордаға батыр билер келді аңда.
Қазақтың болмысын сақтап, болашаққа үміт-сенім отын жандырған. Қытайдың жымысқы оспағына, орыстың содыр тоқпағына қарсы тұрып, бірде айламен, бірде найзамен, өнерін асырып, екі ұлы империяны естерінен тандырған, қазақты тірідей үйітіп жегісі келген жалмауыз отаршылдардың бағын ақылы мен айбынымен тайдырған. ХVІІІ ғасырдың әлемдік деңгейдегі алып тұлғасы, ғажайып дипломаты Абылай хан болды. Ол ел билеген кезде қазақ халқының рухы көтеріліп, мерейі үстем болды.
Абылай хан ажал жастығына бас қойғанда Бұқар жырау:
Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай,
Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай,
Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай,
Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам
«Абылай өз мүддесінен ел мүддесін жоғары қоя білген санаулы саясаткерлердің бірі екені тарихи құжаттарда көрініс табады. Мысалы, Қытай елшілерімен кездесу үстінде Абылайға бәйбішесі хал үстінде жатқаны жөнінде хабар келгенде «8-айдың 25-і күні біз Абылайдың бастауымен Атбасар маңындағы Есіл өзенінің бойынан аттандық. 9-айдың 7-сі күні біз Көксеңгір деп аталатын жерге жеткенде, Абылайдың үйінен екі мәрте адам жіберіліп, Абылайдың бәйбішесі «науқастан халі нашарлап қалды» деген хабарды жеткізді. Сонда Абылай «Отбасымның жағдайы соншалықты маңызды емес қой. Оның сыртында, мен үйімде болғанда да өлейін деп жатқан адамды тірілте алмаспын. Оған қарағанда Боғда Ежен ханмен арадағы іс маңыздылау. Мен сіздерді ел шетіне дейін апарып тастағаннан кейін қайтармын» деді де, әрі қарай сапарды жалғастырды. Сонан кейін тағы да адам келіп, Абылайды үйіне қайтуын сұрады. Абылай бізбен ақылдасқанда бұрынғысынша әрі қарай жүре бермекші болып еді, біз ол кісіні тоқтатып, «сіз істің бәрін орны-орнына қойып болдыңыз ғой» қайта беріңіз деген ниет білдірдік. Абылай қытай елшілеріне: «Ендеше, сіздер «жол ортада бізді тастап кетті» демеңіздер. Мұндай қиын жағдай болғандықтан мен де шарасыз болып тұрмын. Мен қайтып барғанда (бәйбішем) бойында әлі жан бар болса, онда мен оны дәрігерге көрсетермін; ал егер мен қайтып барғанда ол әлдеқашан қайтыс болса, онда мен оны міндетті түрде үлкендеріміз жатқан Түркістан жеріне апарып жерлеймін» - деп қоштасқан.Халықтың әл-ахуалын көтеру үшін Абылай сауда-саттыққа жол ашып, оған тікелей өзі басшылық етті.«Абылайдың тұсында елді басқарудың әкімшілік-аймақтық жүйесі жаңаша тәртіптелді. Беделді билер мен батырлар тиісті руларды басқарды. Олар өз қарауындағы ұлыстардың әлеуметтік-шаруашылық жағдайына, қорғаныс қамына толық жауапты болды. Абылай төтенше жағдайларға икемсіз Хан кеңесінің құзырын ықшамдап, дәстүрлі билер институтының өкілетін тежеу арқылы мемлекеттік басқарудың тетіктерін тікелей өз қолына алды.Халықтың тұрмысын жақсартуды көршілерді тонау-талаудан емес, еларалық сауда қатынастарынан бастаған. Бұхара, Қоқан, Хиуа хандықтарымен, Жоңғар хандығымен айырбас сауданы жөнге қойды. Ұрлық-қарлыққа қатаң тыйым салды. Шетелдік сауда керуендерінің аман келіп-қайтуын қатты бақылаған. Алғашқы жылдардың өзінде Абылай Шұбаркөл бекінісінде, кейін Ор, Петр ағзам, Троицк, Семей, Кереку бекіністерінде, Қытайдың Үрімші өлкесінде айырбас сауда орындарын ашуға тікелей ынтагер болды. 1743-1752 ж.ж. Жоңғар хандығымен және Ресей үкіметімен үш жақты тиімді әрі тату көршілік қарым-қатынаста болуға күш салған.Абылай Ұлы жүз бен Кіші жүз хандарымен, сұлтандарымен, беделді ел ағаларымен үнемі ынтымақта болып, қажет уақытта күш біріктіріп, жалпыұлттық мүддені бірге қорғаған. Аймақтық, ру-тайпалық жіктелушілікке, алауыздыққа жол бермеген. «... Сол аласапыран дәуірде, – дейді Мұхтар Омарханұлы, – қалың елдің «қайраңдап жан қала ма» деген «қазығұрттай үміті» жалғыз ғана Абылай басында қалған болатын. Ескі қазақ елдігін, ескі жұрттың тілегін ту көтеріп, бір араға жиған Абылай болатын... Қазақтың жат елге бағынбай өз елдігін сақтап қалып, іргесін бөлек салуы – жаңа саяси бет болды».

Солтүстік Қазақстан облысы. Петропавл қаласы. «Абылай хан резиденциясы»
музей кешенінің тарихи – ғылыми зерттеу бөлімінің қызметкері
Жұмабекова Гүлнар Жияншақызы