Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына арналған

  

Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына арналған «Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың мұрасы» мақала

                                                                                                                                                                                                                   Алыстан Алаш десе аттанамын,

                                                                                                                                                                                                                   Қазақты қазақ десе мақтанамын.

                                                                                                                                                                                                                   Болғанда әкем қазақ, шешем қазақ -

                                                                                                                                                                                                                   Мен неге, қазақтықтан сақтанамын?!

     Міржақып Дулатовтың — қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері, либералды-демократияшыл зиялылардың бірі.

    Міржақып Дулатұлы 1885 жыл 25 қарашада қaзipгi Қостанай облысының Жанкелді ауданына қарасты «Қызбел» ауылы дүниеге келген. Әкесі — Дулат аймағына аты шыққан шебер кісі болған. Әкесі балаларын жастайынан оқуға береді. Алғашқыда бала Міржақып ауыл молдасынан оқып, хат таниды. Молдадан екі жыл оқығаннан кейін, 1897-1902 жылдары, ауыл мектебінде орысша оқытатын Мұқан мұғалімнен дәріс алады. Бұл мектеп Міржақыптың білімін толықтырумен қатар, азамат ретінде қалыптасуына да аса зор ықпал жасайды, Мұқан мұғалім ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин іргетасын қалаған оқу орнының, дәлірек айтқанда, Торғай қаласындағы уездік орыс-қазақ мектебінің түлегі болатын. Өз шәкірттеріне де ол осы рухта тәлім-тәрбие, терең білім береді.

      Міржақып анасынан екі жасында, әкесінен он екі жасында айырылып, ағасы Асқардың қолында тәрбиеленеді. Асқар әкесі Дулаттың Міржақыптың оқып, білімді азамат болып, өсуін армандаған тілегіне сай, інісінің оқуын әрі жалғап, білім алуына ерекше көңіл бөледі. Ауылда туып, ауылда өскен, ауылда оқып, ауылда қызмет етіп, «ауыл мұғалімі» атанған зерделі жас ауыл тұрғындарының ауыр тұрмысын, теңдігі жоқ аянышты хәлін көріп, түңіле түршігіп, тебірене толқиды.

       Езілген еліне ес болуға, жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға серт байлайды., «Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі, Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!» деп халық ісіне бар болмысымен бүтіндей беріледі.

      Міне, осындай күрделі кезеңде, 1904 жылы Міржақып Омбы қаласына келеді. Осында ұлт зиялыларының ұстазы Ахмет Байтұрсынұлымен кездеседі. Бұдан кейінгі уақытта бірi — ұстаз, бiрi — ізбасары ретінде жұптарын жазбайды. 1905 жылы Міржақып Ахмет Байтұрсынұлымен бipre Қарқаралыдағы саяси-бұқаралық жұмыстарға қатысады. 1905 жылы патша өкіметіне қазақ халкының атынан петиция жазушылардың қатарында болады.

     Міржақыптың тұңғыш өлеңдер жинағы 1909 жылы Қазан қаласында «Оян, қазақ!» деген атпен басылып шықты. Қазақ оқырмандары арасында бұл кітаптың әсері өте күшті болды. Бұл кітап жас авторға патша әкімдерінің тарапынан қуғын-сүргін ала келді, ол тергеу органдарының бақылауына алынды, артынша «Оян, қазақ!» кәмпескеленді. Кең даласында алаңсыз өмір сүріп, мал бағып жатқан бейқам халқын: «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты» деп жырымен жұлқылап оятып, оларды білімге, ел үшін пайдалы іс әрекетке шақырады. Бүкіл халықтың еркіндікке жетуінің басты шарты түнек болып торлаған қараңғылық ұйқысынан ояну, дүр сілкініп, надандықтан арылу деп білген ол: «Оян, қазақ!» деп ұрандаудан танған жоқ. Сондықтан да оның үні қалың ұйқыдағы қазағын құлағының түбінен «маса» болып, маза бермей ызыңдап оятуды мұрат тұтқан өзінен он екі жас үлкен рухани ағасы Ахмет Байтұрсынұлының үнімен қатар естіліп, қазақ даласын қатар шарлады.

      Сол егіз үн тарих мінбесінен қатар көрінген екі алыптың қашан соңғы демдері таусылғанша, тағдыр талқысымен екеуі екі жақта жүрсе де, қуғынға түсіп, қамауға алынса да үзілмей, қатар естіліп тұрды. Ол екеуі екі атадан туса да, бір туған бауыр еді, екі баспен ойласа да, қорытар ойы бір еді, екі ауызбен сөйлесе де, шығар сөзі бір еді. Өйткені оларды туыстырған халқының мүддесі, ойландырған халқының қамы, сөйлеткен халқының мұң зары болатын. Сондықтан да халқы оларды жанашыр жақыным деп білді, олардың жұбын жазбай, «Ахаң, Жахаң» деп бірге атады. Пенделік бар қазақтан бастап, халқының бақыты үшін күрескен есіл ерлерді өз халқының жауы атандырып, кешегі күні Қызылдың қызылкөз жендеттері екеуін еріксіз айырып, екі жерде атып өлтіріп, атын өшіреміз дегенде де халқы олардың асыл есімдерін есінен шығарған жоқ, аялап жүрегінде сақтады, ардақ тұтты.

     1906 жылы Петербургке барып қайтады. Бұл сапарынан ол саяси күрескер ғана емес, шабытты ақын болып оралады. 1907 жылы Петербургте шыққан «Серке» газетіне «Жастарға» деген өлеңін, бүркеншік атпен «Біздің мақсатымыз» деген мақала жариялайды. Мақалада Міржақып қазақ халқының басындағы қиын жағдайдың анық себептерін саралап, отарлық саясатты әшкерелейді. Патша өкіметі мақала авторын тұтқындамақ болғанмен, бүркеншік аттың иесін таба алмайды. 1909 жылы Петербургте М. Дулатұлының «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағы жарық көреді. Жарияланымдарының арқасында ол жандармериялық полицияның бақылауына және патша күзетінің назарына түседі. Қара тізімге енгеннен кейін ол қалада ұзақ уақыт жұмысқа тұра алмайды. Ал 1911 жылы ол Семей қаласында «Жұмбақ» өлеңі үшін қамауға алынды.

     Міржақыптың осы тәрізді азаматтық, әлеуметтік сарындағы өлеңдерінің тақырыбы да, айтар ойы да, кұрылысы да, айтылу ерекшеліктері де әр алуан. Ақын бірде халықтың тағдырын, бүгінгісі мен келешегін толғаса, бірде жастарды оқу-білімге шақырған насихат айтады немесе күнделікті өмірдегі құбылыстарға қатысты адамгершілік мәселесін қозғайды, ал енді бірде патша өкіметінің озбыр саясатын, ел билеушілердің әділетсіздігін сынайды.

     Міржақып қаламынан туған көркем де күрделі туынды — «Алашқа» өлеңі. Ақын халқына қарата сөйлеп, оның өткендегі өмірін есіне түсіріп, жақсы мен жаманды, кешегі мен бүгінгіні салыстыра отырып, бірқатар әлеуметтік шындықтың бетін ашады.

     Халық тағдыры М. Дулатұлының прозалық шығармаларына да арқау болды. 1910 жылы оның «Бақытсыз Жамал» атты романы жарық көрді. Бұл роман жазушының шығармашылық жолындағы ірі табыс қана емес, бүкіл қазақ әдебиетіндегі елеулі көркем туынды болды. «Бақытсыз Жамал» қазақ әдебиетінде кейбір зерттеушілердің пайымдауынша көркем прозалық үлгіде жазылған тұңғыш роман еді. Міржақып осы шығармасы арқылы бұдан кейін жазылған Т. Жомартбаевтың «Қыз көрелік», С.Көбеевтің «Қалың мал», С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», т.б. романдарына жол ашты. Бұлардың бәрі де сол кезектегі аса маңызды әлеуметтік мәселеге арналды. Қазақ ауылының тұрмысы жайында жазылды. Әйелдердің бас еркі, қоғамдағы жағдайы туралы баяндады. «Бақытсыз Жамал» романының оқиғасына арқау болған мәселе де осы, ескі әдет- ғұрыптың қыспағына түскен қазақ қызының тағдыры. Сүйгеніне қосылып, бақытты өмір сүруді армандаған бойжеткеннің трагедиялық жолы.

    Міржақып Дулатұлының Абайға арналған алғашқы қысқа ғана мақаласы татардың «Уақыт» газетінде 1908 жылы жарияланған. Ақынның ой-өрісі, білім деңгейі, туған жері, шыққан ортасы айтылып, әдеби мұрасына жалпылама баға берді.1914 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай» мақаласы арналып жазылған. Мұнда әдебиеттің, оның көрнекті өкілдерінің халық тарихында алатын орны айрықша бағаланады. Абайдың қадірін білмеу, оны елеп ескермеу ұлттың үлкен кемшілігі ретінде аталады, әдебиет елдің жаны деп көрсетіледі.

     ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының өзекті мәселелерін күн тәртібіне шығарған және қазақ зиялыларының еркін пікір алаңына айналған. «Қазақ» газеті жарық көре бастағаннан бастап оның бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлының орынбасары қызметінде Міржақып Дулатұлы болды. 

    Онымен Міржақып Қызылжарда сот кеңесінде тілмәштық қызмет атқарып, мұғалімдік қызметін де жалғастырады, қазақ балаларына орыс тілінен сабақ береді. Сол кезде одан біраз уақыт Мағжан да дәріс алады.1910 жылы Қазандағы Каримовтар баспасынан «Бақытсыз Жамал» романы жарық көреді. Әр жерде шығатын қазақ басылымдарына, әсіресе «Айқап» журналына үзбей жазып тұрады. Ел тұрмысын өз көзімен көріп-білу ниетімен 1911 жылы қазақ ауылдарын аралап, Қызылжардан Семей облысына қарай сапарға шығады. Патша тыңшыларының қатты аңдуына алынған Дулатұлы мұнда полицияның қолына түседі де, бір жарым жыл қамауда отырады. 1912 жылы Орынборға келіп, осындағы аз ғана топ қазақ зиялылары ақыл қосып, ел санасын оята беру мақсатымен, баспасөз қызметін қолға алуды ұйғарды. А.Байтұрсынұлымен бірге қыр өлкесінің ағартушылық-демократиялық бағыттағы тұңғыш бейресми басылым – «Қазақ» газетінің негізін қалайды (1913–1918). Алаш басшыларымен бірге жаңа құрылыс жағына шығып, қалған өмірін түгелдей туған халқының мәдениетін көркейту мақсатына арнауды көздеген ол аз уақыт «Ақ жол» газетінің редакциясында, одан кейін Семей облысының сот органдарында қызмет атқарған.

     1913 жылы ол Ахмет Байтұрсынұлымен бipге «Қазақ» газетін шығарып, басылымның бұдан кейінгі жұмысына белсене араласады. 1920 жылы Ташкентке келіп, сондағы «Ақ жол» газетінде қызмет атқарады. 1922 жылы жазықсыз қамауға алынады. 1922 жылы ешбір себепсіз абақтыға жабылады. Бірақ бұл әділетсіздік ұзаққа созылмай, Семейден Орынборға жөнелтілген бойда қамаудан босатылады. 1922–1926 жж. Орынбордағы Қазақтың халыққа білім беру институтында (КИНО) оқытушы болып істейді. Ұстаздық қызметке қайта оралғаннан кейінгі кезеңде екі бөлімнен тұратын «Есеп құралын» әзірлеп, Ташкент қаласында бастырып шығарады. «Балқия» атты төрт перделі пьеса жазды. 1924 жылы Орынборда екі жылдық «Қирағат кітабы» (хрестоматиялық оқулық), Қызылордада «Есеп құралының» жаңа басылымы жарық көрді. 1928 жылдың аяғында бір топ қазақ оқығандары қатарында тұтқынға алынды. 1930 жылы ОГПУ коллегиясының үкімі бойынша алғашында ату жазасына кесіліп, кейін бұл үкім 10 жыл абақты жазасымен алмастырылды. Түрмеден шыққан соң, 1922-1926 жылы Орынбордағы ағарту институтында оқытушы болады. 1928 жылдың аяғында бip топ қазақ зиялыларымен бipгe қамауға алынады да, он жылға сотталып, 1935 жылы қазанның 5-і күні Ақ теңіз – Балтық каналының бойындағы Сосновец стансасында, лагерьдің лазаретінде ауыр науқастан қайтыс болады.

    1988 жылғы қазанның 27-сі күні Республика Жоғарғы Сотының коллегиясы сол жылғы қарашаның төртінде оның ардақты есімін біржола ақтады.

    XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі Міржақып шығармалары халқымен қайта қауышты. Оның атында көшелер, мектептер, туған жерінде мұражай бар, ескерткіш орнатылған.

 

 

«Абылай хан резиденциясы» музей кешенінің

тарих бөлімі маманы

магистрант Ф.Нургалиева