Абылай ханмен тілдескен түн

Елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында 30 тамыздан бастап «Музейлер шеруі» атты жалпыреспубликалық акция бастау алған еді. Жуырда осы ауқымды шара Қызылжардағы «Абылай хан резиденциясы» музей-кешенінде жалғасын тапты.

Парад музеев

Бұл акцияның мақсаты  ұлттық мәдени мұралардың жалпы халыққа қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Әсіресе, ол жастар санасына ұлттық тарихтан терең хабар береді. Сонымен бірге ол мә­дениет пен өнер саласын­да мемлекет тарапынан болып жатқан іс-шараларға қазақ­стандықтардың назарын, аза­мат­тарға «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары туралы біршама ақпарат беруді мақсат еткен. Экспонаттармен танысудың өзі тарихтың қызық­ты сюжеттері, квест, викториналар, мастер-кластар, экскурсиялар арқылы өтіп, жастарды жалықтырмайтын, керісінше қызығушылығын тудыратын іс-шаралар арқылы жүргізіледі. 

«Абылай хан резиденциясы» музей кешенінде шеру алдымен экскурсиямен басталып, одан әрі қаладағы С.Мұқанов атындағы музыкалық драма театры өнер­паздарының қойы­лымымен жалғасты. «Абы­лай ханның Ресей елшісі­мен кездесуі» атты бұл қо­йы­лым ханның өмірі мен қай­раткерлік, дипломаттық қырларынан сыр шертті. Қазақ даласына ентелеп еніп келе жатқан патшаның экспансиясын тоқтатуды ойлаған ханның әдіс-айласы, амал-тәсілдері біршама көрініс тапты. Ал «Ғасырлардан жеткен тарих» квест ойыны бойынша жиналған жастар Абылай ханға тікелей «сұрақтар қою» мүм­кіндігіне ие болды. М.Қозыбаев атындағы мем­лекеттік университеттің сту­дент­тері бұл ойында әсіресе үл­кен белсенділік көрсетті. «Сер­­пін» бағдарламасымен оқып жатқан жастар арасынан Райым­бек Бабаш, Нұрдәулет Тас­тан және т.б. ханға «тікелей сұрақтар» қойып, өздерін тол­ған­дырған мәселелерге жауап алды. Ойындардың бәрі музей экспонаттарын қолдану, дулығаны басқа киіп, қылышты белге ілуімен қызықты болды. Сонымен бірге ойындарға белсенді қатысушыларға сый­лықтар берілді. Одан әрі кеш «Караока» кафесінде жалғасып, жастардың бүгінгі талғамына жауап берді. Музей кеші 21.00-де басталып, таңғы 03. 00-ге дейін жалғасты.

Музей директорының орынбасары Әсемгүл Қыдыбекова халықтың көп жиналғанына, әсіресе жастардың үлкен қызы­ғушылық танытқанына риза болғанын жеткізді. «Шара­ның осынша ауқымды, қызғылықты болғанына өзіміз де таңғалдық. Әуелі оның сәтті болатынына күдікпен қараған едік, бірақ бәрі де өте көңілді шықты. Жастардың қазақтың тарихына деген қызығушылығы бізді тәнті етті», деді ол.

Сөйтіп «айлы түннің аясында» деген жалпы атау алған мәдени шара сәттілікпен аяқталды.

 Жақсыбай Самрат “Egemen Qazaqstan”